Топ басында Toyota

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
12738

Lada Priora мен Lada Samara да сұранысқа ие.

Топ басында Toyota

Жыл басынан бері ІІМ 359 490 көлік құралын тіркеді. Әдеттегідей toyota camry ең көп сатып алынатын көлік ретінде көш бастады. Бұдан кейінгі екі орынды volkswagen брэндінің passat және golf маркалары иеленді.

Қазақстан автобизнес қауымдастығының мәліметінше, соңғы 4 айда тіркелген темір тұлпарлардың басым бөлігі сәуір айына тиесілі болған. Бұл айда көлік жүргізушілері 99 680 техниканы заңдастырған.

Наурыз айымен салыстыратын болсақ, көлік құралын тіркеу көрсеткіші 9,3%-ға өскен. Алғаш рет тіркеуден өткен автокөліктердің саны 6 282 бірлікті құрады. Ал 93 398 темір тұлпар осыған дейін тізгінделген болып шықты. Былтыр дәл осы уақытта көлік жүргізушілері 5 494 су жаңа көлік құралын тіркегеніне назар аударар болсақ, автоәуесқойлардың көлікті қолдан емес, автодилерлерден  саты алуға ұмтылып жатқанын бірден байқауға болады.

Атап көрсету керек, Қазақстанда қолдану мерзімі 20 жылдан асып кеткен автомашиналар өте көп. Халық күні бүгінге дейін көне көліктерін қаңтарып қоя алмай жүр. Бұған соңғы 4 айда тіркелген 37 582 ескі техника дәлел.

Зауыттан шыққанына 20 жыл толмаған, бірақ 10-15 жылдың жүзі болған темір тұлпарлардың саны 28 152 бірлікті құрайды. Нақтылайтын болсақ, бұларда жаңа көлікке жатпайды.

Сөз басында айтқандай, жапон мен неміс автоөндірушілерінің бәсекесінде алғашқысының бәсі биік. Tоп жарып тұрған toyota тізгінді берер емес. Volkswagen қанша тырысқанымен қазіргі көрсеткішін қанағат тұтып келеді. Ал аймақтарда Opel Vectra, Audi 100, Mazda 626 сынды көліктердің дәурені жүріп тұр. Lada Priora мен Lada Samara да сұранысқа ие.

Еліміздегі көнерген көлікті сатып алу жобасы "Жигули" деген брэндті бірте-бірте көзден бұл-бұл ұшырып жатыр. Себебі тозған техникасын тапсыруға асығатындардың қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді.

​​​​​​​Айтпақшы күні бүгінге дейін 3 түрлі түс автокөлік нарығында көш бастап тұр. Сатып алушылардың 23,7%-ы - ақ, 14,2%-ы - күміс, 12,6%-ы - қара түсті таңдайды. Қызыл, көк, жасыл түсті көліктерге де сұраныс бар, алайда олар жоғарыдағы үш түспен бәсекелесе алмайды.

Жыл басынан өткен айға дейін ОҚО ең көп көлік тіркейтін аймақ болып келді. Сәуірде Алматы облысы ОҚО-ны басып озды. Десекте соңғы 4 айдың көрсеткіші бойынша ОҚО алғашқы орында тұр. Мұнда қаңтар-сәуір аралығында 53 421 автокөлік тіркелген. Темір тұлпарлардың басым бөлігі ескі болған. Жаңа көліктің саны 1 921 бірлікті құраған.

Алматы облысында бүгінге дейін 52 993 көлік рәсімделген. Оның 1 766-сы су жаңа көлік болған.

Алматы мен Астана қалалары үшінші, төртінші орынды өзара бөлісіп тұр. Алматыда - 44 852 (4 597 жаңа көлік), Астанада - 30 055 (2 821 жаңа көлік) көлік құралы тіркелген.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу